Наурыз менің елімнің берекесі,
Жаңа жылы қазақтың мерекесі.
Шаңырағы биіктеп күнге жақын,
Ұлаңғайыр керілсін керегесі.
Дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге, қазақ даласына, жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып, Жаңа жыл келді. Приозерск қаласы Наурыз мейрамын үлкен алаңында, көктем күнінің жылулығымен қарсы алды. Қала тұрғындары қалалық мекемелерінің наурыз мерекесіне арналған сахна төріндегі концерттік бағдарламаларды тамашалады. «Айналайын» бөбекжайы да наурыз мерекесіне арналған салт-дәстүр көріністерді дайындаған болатын.
Ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп келе жатқан салт-дәстүрлерімізді сақтау біз үшін үлкен міндет. Яғни, біз ұлттық дәстүрлерімізді сақтап, ұлағаттап өсіп келе жатқан ұрпаққа көрсетуіміз парыз деп білеміз. «Айналайын» бөбекжайы көпшіліктің алдына төрт салтымызды көрсетіп алып шықты, олар: 5 жасқа келген ұлын «сүндетке» отырғызу салты, мұсылмандықтың бір парызы; «Атқа мінер, жылқы жалын ұстар ұрпағым» - деп ұлықтаған, сүндетке отырғызып атқа мінгізген, бұл жерде ұлдың нағашылары бәсіреге ат әкеліп, ұлды атқа мінгізеді «Ашамайға мінгізу» салты; нағашысы әкелген «Бәсіремен» атқа «Ашамай» ер тоқым салып баланы атқа отырғызып алғаш рет үйден жыраққа, алыс сапарға нағашысы мен ағаларының аулына шығарып салған, осы жерде «Тоқым қағар» салт-дәстүрі ұсынылды; енді ұлы ер жетіп міне мектепке де баратын жасы келді, Наурыз тойы әрі қарай «Тілашар» салт-дәстүріменен жалғасты.
Наурыз мейрамы осылай әр үйге қуаныш, береке әкелсін әр мұсылманның үйінде әрқашанда той болсын! Қазағымыздың салт-дәстүрлері ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!
https://yaslisad-ainalaiyn.rka.kz/kz/zhanaly-tar/320-lysty-ly-k-ni-nauryz-tty-bolsyn.html#sigFreeId638a75fc70












