Қазіргі заманда жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру әлеуметтік құрылымның ең маңызды міндеттерінің біріне айналды.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Мектепке дейінгі тәрбие үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Ол баланың жеке бас ерекшелігін ескере отырып дамытатын орталық» делінген. Әлемдік білім кеңістігінде мектепке дейінгі педагогиканың мәселелерін шешуде тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс-тәсілдерін іздестіру, үнемі жаңалыққа жол ашу бағыттарын қарастыру әрбір білім ордасының, педагогтың басты міндетіне айналып отыр. Осы ауқымды мақсаттарды орындау барысында біздің балабақшамызда да мектеп жасына дейінгі тәрбие мен білім беруде жаңа технологиялық әдістерді қолданып келеміз.
21-қаңтар күні балабақшамызда инновациялық тәртіпте жұмыс істейтін педагогтардың тәжірибесімен бөлісу, жобалау әдісін көрсету, тәрбиешілердің кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында «Балабақшадағы педагогикалық инновациялар» тақырыбында семинар өтті.
Семинарға Приозерск қаласы білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскерлері А.Қ.Шалғынбаева, Г.Н.Хожанова, «Балбөбек» бөбекжай-бақшасының әдіскері А.З.Зейноллаева, «Еркетай» шағын орталығының әдіскері М.М.Еримбетова, №2 мектеп-балабақша кешені жанындағы шағын орталықтың әдіскері А.С.Ермағанбетова және «Айналайын» бөбекжай-бақшасының педагогтары қатысты.
Семинар барысында «Айналайын» бөбекжай-бақшасының директоры А.Ж.Күлмағанбетова қазіргі күнде көкейкесті мәселердің бірі - білім беру ордаларында инклюзивті тәрбие беру мен оқытуды енгізу болып отырғанын айтып, балабақшамызда «Мектепке дейінгі мекемеде инклюзивті тәрбиені дамыту» бағдарламасы бойынша өткізіліп жатқан жұмыстармен таныстырып өтті. Инклюзивті тәрбие берудің маңызды бөлігі болып саналатын дарынды балалармен жұмыс істеу үшін жасалған «Қызықты математика» ересек жастағы дарынды балаларға арналған бағдарламамен балабақша әдіскері Д.М.Хизирова таныстырып өтті. Білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері А.Қ.Шалғынбаева бағдарлама туралы өз пікірін айтып, басқа балабақша әдіскерлерін де осылай ізденіп, еңбектенуге шақырды.
Семинар өз жұмысын мектепке жейінгі жастағы балалармен жұмыс жасау барысында педагогикалық жобалау әдісімен таныстыру және қолданумен жалғастырды. Семинарға қатысушылар үш топқа бөлініп, таңдаған тақырыптарына қысқа уақыт ішінде жоба жасап, оны қорғап көрсетті. Педагогтар өз тәжірибелерімен, толғандырып жүрген ой-пікірлерімен бөлісті.
Семинар соңында қалалық білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Г.Н.Хожанова бүгінгі семинардан педагогтарымыз өздеріне қажетті тәжірибелер, пайдалы мағлұматтар алғанын айтып, осы семинарды ұйымдастырған балабақша әкімшілігіне ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.
https://yaslisad-ainalaiyn.rka.kz/kz/zhanaly-tar/217-balaba-shada-y-pedagogikaly-innovatsiyalar.html#sigFreeIdae4e5ec06f












