Жаңа оқу жылының алғашқы педагогикалық кеңесінде «Айналайын» бөбекжай педагогтарына «Белсенді әріптер» тақырыбында шебер сыныбын ұсындым.
Шебер сыныптың мақсаты: монтессори даму бөлмесіндегі тіл аймағындағы балалармен жүргізілетін жұмысты қалай және қандай материалмен жүргізілетінін көрсету.
Монтессори даму бөлмесіндегі тіл аймағында балалар әріптермен, олардың жазу үлгісімен, дауысты, дауыссыз дыбыс екенін ажыратады және осы әріптерден сөздер, сөйлемдер құрап үйренеді.
Тіл аймағының мақсаты: баланың тілін дамыту, сөздерді дұрыс айтуға дағдыландыру, сөз қорын молайту, мектепке алғашқы дайындықты жүргізу.
Шебер сынып 6 тапсырмадан тұрады:
І Әріптермен танысу; дауысты, дауыссыз дыбыс екенін анықтау; табиғи ағаштан жасалған әріп үлгілерін сұқ саусақпен бастырып жазу; ауада қайталау; қағаз бетіне көшіріп жазу.
ІІ Сөз құрастыру «Кім жылдам?». Педагогтар 3 топқа бөлінеді, енді әр топқа әртүрлі әріптер көрсетіледі және 1 минуттан уақыт беріледі. Сол берілген уақытта тек тиесілі бір топ ғана көрсетілген әріптен сөз ойлап айтып, жарысады. Бұл ойын монтессори сабақтарында балалардың ойлау қабілетін арттыруға бағытталады.
ІІІ «Түрлену». Тіл дамыту аймағында сурет арқылы да балалардың тілін дамыту жұмыстары жүргізіледі. Осыған орай «Суреттегі затты мимика, жест арқылы жасыру»
Әр топқа әртүрлі аңдардың, жануарлардың суреттері таратылады, енді осы суреттегі затты – қарсыластарға мимика, яғни пантомима әдісімен бейнелеп жасыру.
ІV «Ойлан, не болуы мүмкін?!» Қиялды дамыту.
Егерде,
«... ертегі кейіпкеріндегі бауырсақ болсаң, ...»
« ... адамдар құстарша ұшуды үйренсе, ...»
« ... иттер адамша сөйлесе бастаса, ...»
« ... су құбыры кранынан шырын аға бастаса, ...» аяқталмаған сөйлемдерді өз қалауларынша жалғастыру. Бұл жердегі мақсат балалардың ойлау қабілеттерін, қиялын дамыту, сөз қорларын молайту.
V Әр топқа сөздер жинағы беріледі. Осы сөздерден педагогтар нақыл сөздер құрастырады.
Мысалы:
1. Не үшін, сүру, керектігін, өмір, адам, білген, кез келгенге, алады, төтеп,
бере.
2. Уайым, қайғысыз, емес, бақыт-ол, өмір, ол, бақыт, күйі, жанның.
3. Көбелек, бақыт, сырғи, сияқты, оны, тырысқан, ұстауға, қолдан, сайын,
береді.
Жауабы:
1. Не үшін өмір сүру керектігін білген Адам, кез келгенге төтеп бере
алады.
- Бақыт-ол уайым-қайғысыз өмір емес, бақыт ол – жанның күйі.
- Бақыт көбелек сияқты. Оны ұстауға тырысқан сайын қолдан сырғи береді.
VІ Рефлексия «Күлегештер» (смайликтер) салу. Педагогтарға шебер сыныптан алған көңілдерін көрсету керек. Яғни смайликтегі көңіл күй және тандаған түсі бойынша шебер сыныптың қаншалықты ұнағанын анықтауға болады.
Қорытындылай келе, әр ойынды қорытындылап, талдау жасалып отырылды, яғни педагогтар өз ойларымен бөлісіп отырды. Педагогтарға «Белсенді әріптер» монтессори даму бөлмесіндегі тіл аймағы бойынша шебер сыныптың ұнағанын таңдалған күлегештер түсі және көңіл күйлер суреттері бойынша айтуға болады.
Әр адам әлемді есту, көру және тілдесу арқылы таниды. Балабақша жасындағы баланың тілін дамыту үшін, оның белсенді, әдемі, анық сөйлеуіне және құрдастарымен тіл табысуына монтессори даму бөлмесіндегі тіл аймағынын қосар үлесі зор.
https://yaslisad-ainalaiyn.rka.kz/kz/zhanaly-tar/273-montessori-damu-b-lmesi-belsendi-ripter-pedagogtar-a-arnal-an-sheber-synyp.html#sigFreeIdf2bca8bc8f












